Атырау облысында браконьерлерге 30 млн теңгеден астам айыппұл салынды

306

Бұл туралы Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми өкілі Олег Тушканов мәлімдеді.  

Атырау облысында браконьерлерге 30 млн теңгеден астам айыппұл салынды Фото: polisia.kz

Былтыр аймақта балық қорғау заңнамасын бұзудың мыңдаған дерегі анықталған, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Рейдтер барысында заңсыз ауланған тонна балық, тыйым салынған аулау құралдары мен қайықтар тәркіленді. Бірқатар фактілер бойынша материалдар соттарға және тергеу органдарына жолданды.

2025 жылы заңсыз айналымнан 7 тонна 785 килограмм балық, оның ішінде 200 килограмм бекіре тұқымдас тәркіленді. Сондай-ақ, 3138 браконьерлік аулау құралы және 146 қайық пен көлік құралдары алынды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 31 миллион 700 мың теңгені құрады.

Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, заң бұзушылықтар бекіре тұқымдастарды заңсыз аулауды және тыйым салынған құралдарды қолдануды тоқтатуға бағытталған рейдтік шаралар барысында анықталған.

Арнайы табиғат қорғау прокуратурасының үйлестіруімен есепті кезеңде балық қорғау заңнамасын бұзудың 2205 дерегі тіркелді. Әкімшілік сотқа балық аулау ережелерін өрескел бұзудың белгілері бар 129 материал жіберілді, ал тергеу органдарына қылмыстық іс қозғау үшін 10 материал жолданды. Бұдан бөлек, ішкі істер органдары және шекара қызметімен бірлескен рейдтер барысында тағы 146 құқық бұзушылық анықталды.

2025 жылы инспекция ихтиологиялық мониторинг жүргізіп, балық шаруашылығын реттеу жұмыстарын атқарды. Ерекше назар көктемгі тасқыннан кейін пайда болған Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы бөлініп қалған әрі балық қырылу қаупі бар су айдындарындағы жас балықтарды құтқаруға аударылды.

Нәтижесінде 43 миллион 631 мың 565 дана ұсақ тұқымды балық шабағы құтқарылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу