Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері түрлі аурулар бойынша дәрігерлердің арнайы есебінде тұрған 364 тұрғынның жүргізуші куәлігіне қатысты материалдар сотқа жолданған. Соның нәтижесінде 235 адамның көлік басқару құқығы тоқтатылды. Ал 51 азамат медициналық тексеруден өтіп, денсаулық жағдайының көлік жүргізуге кедергі келтірмейтінін дәлелдеп, жүргізуші куәлігін сақтап қалды. Бұдан бөлек, 5 адамға қатысты іс олардың қайтыс болуына байланысты тоқтатылса, қалған материалдар әлі де сотта қаралып жатыр.
"Прокуратура жыл сайын полицияға жүргізушілердің денсаулық жағдайына қатысты мәліметтерді жолдайды. Осыдан кейін талапқа сәйкес келмейтін азаматтарға медициналық қорытынды ұсыну қажеттігі туралы хабарлама беріледі. Егер жүргізуші денсаулығының көлік басқаруға жарамды екенін дәлелдейтін анықтама әкелмесе, материалдар азаматтық сотқа жолданады", – деді Атырау облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетов.
Оның айтуынша, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы дәрігерлер жұмыс істейді. Азаматтар сол жерде медициналық тексеруден өтеді, ал қорытынды электронды базаға енгізіледі.
"Біз шешімді дәл осы медициналық қорытынды негізінде қабылдаймыз", – деп түсіндірді Жеңіс Дәулетов.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі 2026 жылғы 25 тамыздан бастап "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген өзгерістер күшіне енетінін еске салды.