Дертпен күрескен дәрігерлердің үстемақысы төленбей қалған

980

Арнайы комиссия осыған қатысты құжаттарды қарауда.  

Дертпен күрескен дәрігерлердің үстемақысы төленбей қалған

Атырау облысы Индер ауданының короновирус дертімен күресіп жатқан дәрігерлеріне шілде, ішінара тамыз айларының үстемақысы төленбей қалған. Қазіргі күні олардың арыз-шағымы қаралып жатыр.

"Мен бұл қызметке 2 қыркүйек күні ғана тағайындалдым. Ал болған жағдай маған дейін орын алған. Аудандағы медициналық қызметкерлер маусым, тамыз айларына тиесілі ұстемақыларын алады да, неге екенін, шілде айына алмай қалады. Меніңше, мұның табель толтырылмай қалды, қағазы жіберілмей қалды дегендей түрлі себебі болуы мүмкін, дегенмен, бұған менің қатысым жоқ деп қарап отырмай, тиесілі мекемелерге аяқтай кіріп шықтым", - дейді Индер аудандық ауруханасының директоры Анар Доспаева.

Сонымен, Атырау облыстық денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің үстемақысын белгілейтін арнайы комиссияға жолданған хат мазмұны мынадай: "... Индер аудандық ауруханасының 2,3 қауіп тобына жататын короновирустық инфекцияға қарсы күреске тартылған эпидемиологиялық іс-шараларға қатысқан  кейбір медицина қызметкерлерінің: 1)мамандандырылған кеңес берген консультант дәрігерлер (кеңес берген уақыты ғана қойылып отыр) шілде айына; 2)клиникалық лаборанттар КВИ науқастардан (қол әдісімен қан алған уақыты) шілде айына;3)шұғыл аурухананың қабылдау бөлімінде кезекшілікте тұрғандар, ембикелер шілде айына; 4)34 кереуеттік КВ, 10 керуеттік провизорлық аурухананың қабыладу бөлімі шілде айына; 5)Үй стационарында емдеу жүргізген, КВИ ошақтарын бақылау, қадағалау жасаған, КВИ науқастардан, контактныйлардан сүртінді алған БМСК мамандары шілде, тамыз айына ала алмаған жалақыға үстемақы алу мүмкіншілігін қарастыруды сұрайды". Бұдан әрі құжатқа осы қызметкерлердің шілде, тамыз айларына арналған табельдері қоса тіркеледі.

"Индер ауданы бойынша медициналық қызметкерлердің жазып жатқан арыз-шағымдарына байланысты өтемақы төлеу жайы бір күнде қаралып бітетін мәселе емес. Комиссия мүшелері керекті медициналық карталар, еңбекке жарамсыздық жөніндегі құжат және диагнозды басшылыққа ала отырып, заң аясында шешім қабылдайды", - деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

Белгілі болғандай, короновирус инфекциясынан көз жұмған және вирус  жұқтырған медициналық қызметкерлерге өтемақы төлеу бойынша құрылған арнайы комиссияның жұмысы қауырт, қаралып жатқан құжат көп. Мәселен, күні кеше оның  бесінші отырысы өтіп, онда 232 медициналық қызметкердің құжаты қаралған. Олар бойынша шешімдер кезең-кезеңімен қабылданбақ.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, пандемиямен күрес кезінде коронавирус жұқтырған атыраулық медициналық қызметкерлерінің ішінде 88 адамға әрқайсысына 2 млн.теңгеден өтемақы төленген. Бұдан бөлек, пандемия салдарынан көз жұмған үш медициналық қызметкердің отбасының әрқайсысына 10 млн.теңге өтемақы беріледі. Ал, коронавируспен күреске жұмылдырылған медициналық қызметкерлердің жалақысына үстемақы ай сайын төленіп отыр.

Қазірде Индер ауданында КВИ ахуал қалыпты, оған байланысты ашылған провизорлық стационар жабылған. Алайда, ақ халаттылар тиесілі ақысын сұрап отырған жаз айларында аталған инфекция аймақта өршіп тұрған болатын.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу