Атырау облысы Құрманғазы аудандық соты аудандағы орталық аурухананың хирургы мен реаниматологына қатысты үкім шығарды. Олар сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша ("Адам өлімінен әкеп соққан медицина қызметкерінің кәсіптік міндетін тиісінше орындамуы") кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, сонымен қатар 3 жылға дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Еске салсақ, 44 жастағы Бекдидар Көргенәлиев 2020 жылы 29 желтоқсанда аудандық ауруханаға түсіп, 2021 жылдың 1 қаңтарында сол жерде қайтыс болды. Жаңа жыл қарсаңында қатты қиналып, ауырсынып айқайлап жатқанда, дәрігерлер оны жай ғана "ұмытып" кеткен.
Сотта аудандық аурухана дәрігерлерінің "пневмония" диагнозымен және "қант диабеті" ілеспе ауруымен түскен науқасқа тиісті медициналық көмек көрсетпегені анықталды. Сондай-ақ дәрігерлердің кәсіби міндеттеріне немқұрайлы қарауы және тиісті орындамауы салдарынан науқастың қайтыс болғаны дәлелденді.
Судья Бибітгүл Менситованың айтуынша, сотталушылардың кінәсі жәбірленуші тараптың, куәлардың, сарапшылардың айғақтары және комиссиялық сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен расталды.
Дегенмен "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңға сәйкес олар бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылды. Мұны судья қылмыстық кодекске сәйкес екі дәрігердің әрекеті онша ауыр емес қылмыстарға жататындығымен түсіндірді және сот аталған заң нормаларын қолдануға міндетті екенін атап өтті.
Сотталғандардан жәбірленушілердің (туыстарының) пайдасына 8 млн теңге моральдық залал өтемақысы өндірілді.
Бұған дейін прокурор екі сотталушыға дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды және сотталушылармен онша ауыр емес қылмыс жасалғандықтан, оларды рақымшылық жасау актісі негізінде негізгі жазадан босатуды сұрады.
Сотталушылар мен олардың қорғаушылары тағылған айыппен келіспей, ақтау үкімін шығаруды сұрады.
Жәбірленушілер мен олардың өкілдері заңға сәйкес қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Жәбірленушілер шыққан үкіммен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірмекші.
Айнұр Сапарова