Атырау облысында екі күн ішінде карантиндік шектеу режимін екі жүзге тарта адам бұзған

748

Ауыр эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, шектеу режимін ең көп бұзған – Атырау қаласының тұрғындары

Атырау облысында екі күн ішінде карантиндік шектеу режимін екі жүзге тарта адам бұзған

Шілде айының 12-13-і күндері жүргізілген рейдтер заң бұзушылықтың көп екенін анықтады. Демалыс күндері тек қана Атырау қаласының өзінен карантин талаптарына жүрдім-бардым қараған 81 дерек тіркелген. Атап айтқанда, Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің "үйге жеткізу" қағидатымен ғана жұмыс істеуге рұқсат бергеніне қарамастан, мейрамхана, кафелер келушілерді жабық ғимарат ішінде тамақтандыруды жалғастырған.

Мұндай жағдай тоғыз жерден анықталды. Бұдан бөлек, 24 азық-түлік дүкені бекітілген жұмыс уақытынан тыс мезгілде саудамен айналысқан.

Эпидемиологиялық ахуалдың күрделенгеніне қарамастан, топтанып жүрудің 26 дерегі, отбасылық  шара  өткізудің бір дерегі тіркелген.

Эпидемиологиялық жағдайы мәз емес Жылыой ауданы халқының да карантин талаптарын сақтамай отырғаны белгілі болды. Ауданда демалыс күндері бес отбасында той-томалақ өткізілген.

Сенбі, жексенбі күндері қозғалысқа толықтай тыйым салынғанына қарамастан, көшеде себепсіз жүрудің отыз дерегі тіркелді. Сондай-ақ, жиі кездескен заң бұзушылық – азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақытынан тыс мезгілде сауда жасауына байланысты. Тізбекке шаққанда, карантиндік шектеу талаптарын бұзудың Атырау қаласында – 81, Жылыой ауданында – 37, Индер ауданында – 4, Исатай ауданында – 14, Қызылқоға ауданында – 7, Құрманғазы ауданында – 23, Махамбет ауданында 9 дерегі  анықталып отыр. Карантиндік шектеу режимі тек Мақат ауданында ғана бұзылмаған.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу