Өңірде көлемі жағынан Қашаған кен орнына тең келетін ірі карбонат массиві анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жылыой карбонат платформасы (Қаратон – Қажығали – Жылыой учаскелері) аумағында орналасқан бұл құрылымның қоры алдын ала бағалаулар бойынша 4,7 млрд тоннаға дейінгі көмірсутектерді қамтуы мүмкін. Ал жалпы платформа әлеуеті 20 млрд тонна шартты отынға бағаланып отыр.
Қашаған теңізде орналасқандықтан күрделі техникалық шешімдер мен орасан шығынды қажет етеді. Ал жаңа массив құрлықта табылғандықтан, болашақта игеру шығындарын бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жоба белсенді зерттеу сатысында тұр:
- Тарихи геофизикалық материалдар талданды;
- Қаратон учаскесінде 5 750 метр тереңдікте бұрғыланған ұңғыма оң нәтижелер көрсетті;
- "ҚазМұнайГаз" компаниясы көршілес Қажығали учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Мамандар жобаның әлеуетін жоғары бағалағанымен, сақтық танытуға шақырады. Себебі, зерттеу аумағы өте үлкен әрі тереңдігі жоғары. Минималды сейсмобарлау мен бұрғылау бағдарламасы 2030 жылға дейін жоспарланған.
Өнеркәсіптік өндіру мерзімі мен инвестиция көлемі туралы нақты ақпарат кейінірек жарияланбақ.