Атырау облысында қанша кәсіпкерге жеңілдік жасалды

946

Атырау облысында тоқтатылған жалға алу құны 12 562 365 теңгені құрайды.

Атырау облысында қанша кәсіпкерге жеңілдік жасалды

Атырау облысында пандемия кезінде бірқатар кәсіпкерлер үш ай мерзімге жалға алу құнынан босатылып тұрды. Бұл сома 12 562 365 теңге құрайды, деп жазды inbusiness.kz.

Айта кетейік, елімізде мемлекеттік органдарға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алып отырған шағын және орта бизнес субъектілері үшін жалға алу төлемдерін үш ай мерзімге тоқтату шаралары қолға алынғаны белгілі. Атырау мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың 20 наурызынан 20 маусымға дейін облыс бойынша осындай 31 нысан үш айға 4 265 000 теңге болатын жалға алу ақысынан қосымша келісімшарттар жасау арқылы босатылған. Ал мемлекеттік органдар мен квазисекторға тиесілі мүлік нысандарын жалға алып отырған шағын және орта бизнес өкілдерін 2020 жылғы 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында жалдау ақысын төлеуден босату жөніндегі тапсырмаға 17 шағын және орта бизнес өкілдері іліккен. Олар осылайша 2 667 309 теңге қаражат үнемдеген. Жалпы алғанда өңірде 12 562 365 теңге құрайтын жалға алу ақысына жеңілдік жасалған.

"Біз шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау жөніндегі шараларды қаперде ұстаймыз. Қазіргідей қиын кезеңде оларға мемлекет тарапынан жасалған мұндай шаралар кәсіпкерліктің тұралап қалмай, қайтадан аяғына тұрып, дамуына серпін береді деп ойлаймын", – дейді Департамент басшысы Қайсар Рахметов.

Түсіндіре кетсек, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Атырау мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті республикалық меншіктегі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардағы бос орынжайларды жалға беру жұмысын жүзеге асырады. Оларды жалға алу құны нарықтағыдан төмен бағамен ұсынылады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу