Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев COVID-19 жұқтырғандардың көбеюіне байланысты карантин режимі екі аптаға ұзартылатынын мәлімдеді.
"Атырау облысында карантин мерзімі 8 маусымға дейін ұзартылды. Себебі, COVID-19 жұқтырғандар 7 күн ішінде 7%-дан астам ұлғайды", – деп түсіндірді облыстың бас санитарлық дәрігері.
Темірбек Мұсағалиевтің айтуынша, облыстың жедел штабы бекіткен өткізу пункттерінен өту ережелерінде қарастырылған жағдайларды қоспағанда, 8 маусымға дейін Атыраудың карантиндік аймағына кіруге тыйым салынады.
"Тұрғындарға әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып әрі міндетті түрде бетперде киіп үйден шығуға рұқсат етіледі. Жекеменшік, қызметтік және қоғамдық көліктермен тек жұмысқа баруға, азық-түлік пен дәрі-дәрмектер сатып алуға, тұрғылықты жерге жақын жерде рұқсат етілген қызмет түрлерін алуға, шұғыл жағдайда медициналық көмекке жүгінуге болады", – деп атап айтты ол.
Дегенмен, қоғамдық көліктердің жұмысы 6:00-ден 23:00-ге дейін қайта жалғасады. Сондай-ақ, 25 мамырдан бастап Атырау облысында туристік агенттіктердің қызметі де қайта жанданып, саябақтарға, алаңдарға, ойын-сауық орындары жоқ жағалауларға баруға және жергілікті ауылшаруашылық өнімдерін саудалауға арналған ашық алаңдарда жәрмеңкелер өткізуге рұқсат беріледі.
"Гипермаркеттер, супермаркеттер, азық-түлік дүкендері, кафелер, мейрамханалар, кофеханалар, асханалар, барлар (кальяндарды қоспағанда) бір уақытта 30 адамға дейін рұқсат етіледі (ашық жерлерде 50 адамнан аспауы керек)", – деді Темірбек Мұсағалиев.
Айта кетсек, жексенбі күнгі жағдай бойынша Атырау облысында коронавирус жұқтырған 879 жағдай тіркелді. COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша Атырау облысы Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейінгі үшінші орында. Бүгінгі күнге дейін өңірде 224 адам осы аурудан жазылып шыққан.