Атырау облысында карантин шектеулері жеңілдетіліп жатыр

1194

Мектептер дәстүрлі оқуға көшуде. 

Атырау облысында карантин шектеулері жеңілдетіліп жатыр

Атырау облысында шектеу шаралары жеңілдетіліп, мектеп сыныптарында 25 баға дейін оқуға рұқсат етілді. Алайда бұл жөнінде аяқ астынан хабарланғандықтан, көп оқушы мектепке баруға дайын болмай қалған,  деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Атырау облысы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №4 "Атырау облысының шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы" қаулысы 2021 жылғы 7 наурыздан бастап күшіне енді. Сөйтіп, мереке күндері қаладағы базарлар жұмыс істеді. Ал оқушылардың келіп оқитыны жөнінде ертесіне кешке хабарланды.

Дәстүрлі оқуға дайын болмай қалған ата-аналар реніштерін білдіруде. 

"Біз екі баланы мектепке бүгін ғана апардық. Өйткені жұмыстан сұранып, керек киімдерін, құрал-жабдықтарын алу керек болды. Ертерек хабарласа, қамданып отырар едік. Кешкісін чатқа "ертең сабақ басталады" деп жазды, апыр-топыр болдық та қалдық", дейді қаладағы №20 сыныпқа ұлдарын апарып жүрген Асылгүл Мұқашева. Оның үстіне, әке-шешелерге мектептің алдына адамдардың көптеп жиналып қалатыны, талапқа сәйкес, бастауыш сынып балаларының ата-аналарын кіргізбейтіні де ұнап тұрған жоқ. Бұрын кішкентай баланы ертіп келген адамдар мектеп ішіне кіріп, баланың аяқ киімін ауыстырып, кіргізіп жіберетін. Қазір 0 сыныптың оқушысы болса да сыртқы есіктен кіргізіп жіберіп, кері қайтады. 

Сонымен, мектеп, лицей, гимназияның бір сыныбында бұрынғыдай 15 емес, 25 балаға дейін оқуға рұқсат етілді. Орталық, үйірме, топтарға да 25 балаға дейін келуге болады. Бала әзірге мектеп формасынсыз оқи алады, бірақ, оның киімі алабажақ, спорттық, тағы басқа үлгіде болмауы тиіс. Сондай-ақ, балабақшаға бұрын кезекші топтар 15 баладан жасақталса, жаңа қаулыға сәйкес 25 бала келе алады. Сәбиі балабақша кезегінде тұрған ата-аналар үшін оң жаңалық: бұған дейін уақытша тоқтатылған кезек қайта жылжитын болды. Сол сияқты, ата-ананың ерікті қалауымен оқушының онлайн оқуы үшінші тоқсан соңына дейін жалғаспақ. 

Бұдан бөлек, шектелерді кезең-кезеңімен жеңілдету бойынша СПА-орталық, бассейндерге таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 10.00-ге дейін  жұмыс істеуге рұқсат етілді. Әзірге той-томалақ, салтанатты шаралар өткізуге тиым салынған күйі тұр. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу