Атырау облысында көкөніс жылдағыдан ерте пісті

509

Көптеген шаруашылық көкөніс жинауға кіріскен. Бұған облыстағы қолайлы ауа райы себеп болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атырау облысында көкөніс жылдағыдан ерте пісті Фото: inbusiness.kz

"Бүгінде тәтті бұрыш, орамжапырақ, қияр және қызылшаның алғашқы өнімі жиналды. Бұл жергілікті нарықтағы көкөніс бағасын реттеуге және импорттық өнім көлемін шектеуге мүмкіндік береді. Көкөністер көктемнің жылы болуына байланысты ерте пісті. Биыл сәуір айының ортасында ектік. Көкөністерден басқа, қауын, қарбыз да пісіп қалды, содан кейін ерте пісетін картоп сорттары келеді. Картопты шілде айынан бастап жинауды жоспарлап отырмыз", – деді "Дастан" шаруа қожалығының агрономы Бахадүр Саитов.

Оның айтуынша, көктемнің басында 160 га жерге 12 түрлі дәнді дақыл егілді. Жалпы, негізінен көкөністер мен бақша дақылдары өсірілетін Махамбет ауданында 120-дан астам шаруа және қосалқы шаруа қожалығы бар. Осы жылы олар 4 800 га жерге егін еккен. Жасыратыны жоқ, аймақтағы климаттық жағдайды ескерсек, егіншілікпен айналысу оңай емес. Бұдан басқа, суару тек механикалық жолмен жүзеге асырылады. Бұл ретте суға жұмсалатын шығынның 85 пайызын мемлекет субсидиялайды.

"Мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия беріледі. Атап айтқанда, суару, тамшылатып суару технологияларын орнату, гербицидтер, тұқымдар мен тыңайтқыштар сатып алу шығындары өтеледі. 23 шаруа қожалығына 135 млн теңге көлемінде инвестициялық субсидия берілді", деді Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азат Қапанов.

Қазір 40 тоннаға жуық өнім жиналды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және егін жинау үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен 800 тонна дизель отыны бөлінді. Бұл шаруалар шығынын азайтуға және жергілікті ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу