Атырау облысында лотос гүлдеді

1347

Атырау облысының Құрманғазы ауданы, Қиғаш-Шора өзенінде лотостың гүлдену маусымы басталды. Ол шілде айының ортасынан тамыздың соңғы аптасына дейін жалғасады. 

Атырау облысында лотос гүлдеді

Аумағы 5 мың гектарды қамтитын лотос алқабын көру үшін күніне 50-ге жуық турист келеді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

"Көптен бері осындай сұлулықты көргім келіп жүрген. Тамаша, өте керемет әсер алдым. Бұл жерден тек лотосты ғана емес, аққу, аққұтан сынды құстарды да көре аласыз", – дейді Мәскеуден арнайы келген туристердің бірі Екатерина Хабибуллина.

Құрманғазы ауданы елімізде лотос өсетін жалғыз аймақ. Бұл алқапқа келушілерге арнайы нұсқаулық көмек көрсететін кәсіпкерлік нысандар бар.

Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлеповтың айтуынша, туристер қатары жыл сайын артуда. Сондықтан Қиғаш бойындағы лотос гүлінің алқабы – қорғау мен күтіп-баптау жұмыстарын қажет етеді.

"Лотос алқабы табиғат жағынан қорғалатын аймақ болғандықтан "Қызыл кітапқа" енген. Келген туристер табиғатты бағаламайды, олардың арасында гүлді сындырып, жұлу фактілері кездесті. Соған сәйкес, арнайы құзырлы орган тараптарынан бақылау болса екен дейміз", – деді Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов.

Нұрлыбек Төлеповтың айтуынша, бүгінде Қиғаш бойында 4 жеке кәсіпкерлік нысан бар. Одан бөлек 2022 жылдың аяғына дейін екі туристік базасының құрылысы аяқталады. Ал ішкі туризмді дамыту мақсатында мемлекет тарапынан 7 кәсіпкерге жер телімі берілген. Олар өз нысандарын үш жыл ішінде пайдалануға тапсырулары тиіс. Содан кейін туристерге толыққанды қызмет көрсету аясы кеңейеді деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу