Атырау облысында мемлекеттік қызметшілердің әрекеті талқыға түсті

1377

Атырау облысында Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында округ әкімдерінің бірінің тәртібі қаралды.  

Атырау облысында мемлекеттік қызметшілердің әрекеті талқыға түсті

Оның үстінен мемлекеттік қызметшілерге дөрекілік көрсеткені туралы шағым түскен болатын. Алайда, тексеру барысында оның әдеп ережелеріне қарсы әрекет жасалғаны анықталмаған, оның үстіне, оны "дауыс көтерді" деп айыптағандар да кейін сөздерінен айнып шығыпты, - деп жазды inbusiness тілшісі.

Кеңестің күн тәртібіндегі алғашқы мәселердің бірі - Исатай аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс болды. Белгілі болғандай, Исатай аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мен жеке кәсіпкердің арасында жасақталған жер учаскелерін сатып алу-сату келісім шартына сәйкес жергілікті бюджет шотына аударылатын сома толық көлемде келіп түспеген. Яғни, жұмыс барысын дұрыс бақыламаған бөлім басшысы қызметтік міндетін тиісті деңгейде орындалмаған. Сол себепті, Әдеп жөніндегі кеңес оның ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс берді.  

"ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес 2019 жылғы 19 қарашада бөлім басшысы Д.Бекмұхамбет пен жеке кәсіпкер Ж.Мұхышев арасында №35 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жасақталған. Аталған келісім шартқа сәйкес, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын сатып алушы шартқа қол қойылған күннен бастап бір ай ішінде төлеуге тиістілігі көрсетілген. Алайда, Ж.Мұхышевтің сенімхат арқылы өкілі тарапынан төлем 5 күнтізбелік күнге кешіктіріліп, жергілікті бюджеттің шотына 183 816 теңгенің орнына 183 теңге 81 тиын төленген. Осы ретте бөлім келісім-шартқа сәйкес жергілікті бюджетке түсуі тиіс міндетті төлемді растайтын түбіртекті тексерместен қабылдай салған. Бұл заң бұзушылық тексеру барысында анықталғаннан кейін кәсіпкер 2021 жылдың 6 қаңтарында 183 700 теңгені, 13 наурыз күні 58000 теңге тұрақсыздық айыбын жергілікті бюджетке толық төледі", - дейді Атырау облысының мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Гауһар Жарасова. 

Бұдан бөлек, Махамбет ауданы Жалғансай ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралып, ол өз дәлелін таппағандықтан тоқтатылды. Айта кетейік, бұл іс Махамбет ауданы әкімінің орынбасары С.Аманшиеваның қызметтік хаты негізінде қаралған болатын. Оған сәйкес, биылғы 3 маусым күні мемлекеттік рәміздер күніне орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында округ әкімі дөрекі сөйлеуімен ерекшеленеді. Ауыл басшысының әрекеті әдеп нормаларына қаншалықты сай келетінін анықтау мақсатында сол жиналысқа қатысқан 14 адамнан түсініктеме сұралады, өкінішке қарай, жиналыстан бейнежазба жүргізілмеген екен. Сұралғандардың біреуі ғана "Ғ.Мырзағали мемлекеттік қызметшіге жат қылық танытты" деп бағалайды, төрт лауазымды тұлға оның жиналыс төрайымы С.Аманшиеваға қарсылық білдіріп, даусы қатты шыққанын жеткізеді, тағы бесеуі "Әдеп кодексінің нормаларын бұзылғанын байқамағанын", тағы екі қызметкер "Ғ.Мырзағали қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жиналмай-ақ, осы жиналысты ЗУМ немесе хат арқылы ұйымдастыру жөніндегі өзінің ұсынысы мен пікірін білдіргенін" айтады. Кейін округ әкімі дөрекілік көрсетті дегендердің бірқатары

"Мүмкін, ол залда микрофон болмағаннан кейін қаттырақ сөйлеген болар" деп жуып-жайып, бастапқы пікірлерінен айнып қалған. Сондай-ақ, қызметтік тексеру әкімнің сол жиналыста өзіне берілген тапсырмаларды орындағанын көрсеткен. Ал Махамбет ауданы әкімі округ әкімі оған "ұстамды, тәжірибелі, тәлімді, адамдармен тіл табысуы, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілігі, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары деңгейде" деп баға береді. Осылайша, Әдеп жөніндегі кеңес отырысында "кінәсіздік презумпциясы" қағидаты басшылыққа алына отырып, "округ әкімі Ғ.Мырзағалидың тарапынан Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі талаптарын бұзғандығы өз дәлелін таппады" деген тұжырым қабылданады. 

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу