Алматы метросында жаңа қоршаулар сынақтан өткізіліп жатыр

82

Барлық қажетті сынақтардан кейін осындай қоршаулар метроның басқа станцияларында да орнатылмақ. 

Алматы метросында жаңа қоршаулар сынақтан өткізіліп жатыр Фото: Алматы метро

Алматы метрополитені қос функциялы жаңа қоршауларды сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қалалық метрополитен баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Райымбек батыр" станциясында метрополитеннің заманауи қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін жаңа уақытша қоршаулар орнатылды. Олар екі негізгі қызмет атқарады: жолаушылар үшін қорғаныс құралы болып табылады және жарнамалық құрылым ретінде пайдаланылады.

"Қазір бұл қоршаулардың жел жүктемесіне төзімділігі тексеріліп жатыр. Барлық қажетті сынақтардан өткеннен кейін осындай қоршаулар метроның басқа станцияларында да орнатылатын болады. Сонымен қатар, метрополитен өкілдері бұрын орнатылған темір қоршаулардың да тексеріліп жатқанын, қажет болған жағдайда олардың алынатынын атап өтті.

Алматы метрополитені жолаушылардың жайлылығы үшін инфрақұрылымды жетілдіруге әрдайым ұмтылады. Бұл шешім автоматтандырылған платформалық есіктер (screen doors) орнатылғанға дейінгі уақытша шара болып табылады", – делінген хабарламада.

Барлық жұмыс кәсіпорынның өз қаражаты есебінен, бюджет қаражатын тартпай жүргізіліп жатқаны жазылған. 

Уақытша қоршаулар – вагондар арасындағы кеңістікті жабуға арналған және жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған уақытша шешім. 

Автоматтандырылған платформалық есіктерді (screen doors) орнату процесі көп уақытты қажет етеді, өйткені жобалау, техникалық-экономикалық негіздеме дайындау, қаржыландыру және мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу қажет. Осыған байланысты, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уақытша қоршаулар орнатылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу