Атырау облысында салынып жатқан жолдың бітетін түрі көрінбейді

846

Депутат Индер мен Қызылқоға аудандарының арасындағы жолды тез бітіруді сұрады.

Атырау облысында салынып жатқан жолдың бітетін түрі көрінбейді

Атырау облысынан сайланған мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Бейбіт Атамқұловқа "Индер-Қарабау-Миялы" тас жолының құрылысын аяқтау бойынша депутаттық сауалнама жолдады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, 2013 жылы басталған ұзындығы 123 шақырымды құрайтын "Қарабау-Миялы" участогі 2019 жылы пайдалануға берілген. Ал ұзындығы 87 шақырымды құрайтын "Индер-Қарабау" участогінің жұмысы 2019 жылы басталды. Жобаның құны - 24 780 млн. теңге. 2019-2020 жылдары 3 900 750 мың теңгеге 15,3 шақырым жолы аяқталды. 2021 жылы 64,7 шақырымға республикалық бюджеттен 1692,0 млн теңге бөлінген.  

"Қаражаттың бұлайша аз бөлінуі қалған участоктың құрылысының бітуін әлі де бірнеше жылға созбақшы. Жобаны 2022 жылы аяқтап беру жоспарланған. Жобаны аяқтау үшін 19 186 872 мың теңге қажет. Халық осы жолдың аяқталуын асыға күтуде. Ауа райының қолайсыз күндері жолаушы, азық-түлік тасыған автокөліктер балшыққа қарға батып, далада қалуда. Оларды құтқару жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады.

Егер жол уақытында берілсе, Атырау қаласымен, Батыс Қазақстан облысымен байланыс орнап, тауар айналымы өсіп, кәсіпкерлік дамыр еді, Ол үшін министрлік осы жолдың мәселесіне көңіл бөліп, әр жылға тиісінше қаражат жұмсаса, жол құрылысы жоспарланған жылда аяқталар еді. Жол құрылысы "Нұрлы жол" бағдарламасына кіреді", - деген пікірде депутат.

Айта кетейік, Қызылқоға ауданы – Атырау облысының шалғай ауданының бірінен саналады. Аудан орталығы Миялы селосы Атырау қаласынан 370 шақырым қашықтықта орналасқан және екі ортада теміржол қатынасы жоқ. Ондағы елді мекендерде тұратын 15 мыңнан астам халықтың облыс орталығына қара жолмен әупірімдеп жететіні үйреншікті көрініске айналған.

Бұған дейін Атырау облысынан сайланған мәжіліс депутаттары Жайық өзені мен ішкі Ойыл, Сағыз және Жем өзендерінің мәселелесін көтерген еді. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу