Атырау облысында тағы да суға қатысты дау туды

968

Бұл жолы қоғам белсенділері Мақат халқы пайдаланатын ауыз суды Ескене өндірістік ошағына өндірістік мақсатқа беруге қарсы шығуда, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Атырау облысында тағы да суға қатысты дау туды

Мақат ауданы Батыс Ескене өндіріс ошағындағы газ өңдеу зауытының құрылысы бойынша 2019-2020 жылдар аралығында бірнеше қоғамдық тыңдаулар өткізілген. Оның ішінде, былтырғы 30 қазан күнгі №2 хаттамада өндіріс нысаны мен оған қосалқы қызмет көрсететін асхана, жатақхана қызметіне Астрахань-Маңғышлақ магистралдық су құбырынан алынатыны жазылған. Осы мәселеге орай БАҚ өкілдерін шақырған "AQIQAT", "Глобус", "Аналар үндестігі", "Жібек жолы бауырластар" қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері мердігер мекеме оның орнына суды Мақат ауданының тұрғындары тұтынып отырған "Атырау-Ескене-Доссор-Мақат" ауыз су құбырынан алу үшін заңсыз құбыр тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр деп наразылық білдірді.

"Аудан халқы онсыз да ауыз судан тапшылық көріп отырғанда одан өндірістік мақсатқа жырып бермек. Бұған дейінгі қоғамдық тыңдауларда, хаттамаларда облысты Жайық суымен қамтып отырған "Атырау облысы су арнасының" газ өңдеу зауытының құрылысына су беретіні жөнінде бір ауыз айтылып, жазылған жоқ", – дейді "AQIQAT" қоғамдық бірлестігі төрағасы Ғазиз Ғабдуллин. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың ішінен наразылық білдіріп, алаңға шыққандар болыпты, оларды аудандық ішкі істер бөлімі әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Түсіндіру үшін айта кетсек, Қиғаш өзенінің суын жарататын Астрахан-Маңғышлақ су құбыры зауыт салынатын Ескене өндірістік ошағынан 25 шақырым, Жайықтан су алатын "Атырау-Ескене-Доссор-Мақат" ауыз су құбыры 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал Қашаған шикізаты негізінде газ өңдеу зауытын салу жобасының инвестиция көлемі 370 млрд теңгені құрайды.

"Біріншіден, біз әлі қазу жұмыстарымен айналысып жатырмыз, әзірге су алған жоқпыз. Екіншіден, біздің техникалық шартымызда "Атырау облысы су арнасы" мекемесінен 500 текше метр су алатынымыз көрсетілген. Біздің адамдарымыз да - осы елдің азаматтары, олар сонда тамақ ішпей ме, жуынбай ма, мен бұл кісілермен бірнеше рет сөйлесіп, соны түсіндірдім де", – дейді "GPS Investment" ЖШС техникалық директоры Болат Сақтағанов. Оның айтуынша, зауыт іске қосылған жағдайда алты жүзден астамды жұмыспен қамтып, халықты қолжетімді арзан бағадағы газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ.

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу