Атырау облысында тасқын суы 18 мың гектар шабындық алқабын суаруға жіберілді

289

Осының нәтижесінде Ойыл өзеніндегі су деңгейі төмендеген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Атырау облысында тасқын суы 18 мың гектар шабындық алқабын суаруға жіберілді Фото: Ғайсағали Сейтақ

Атырау облысы бойынша "Қазсушар" мамандары Ойыл өзені арқылы келген тасқын суын өңірдегі 18 мың гектардан астам шабындық алқабын суаруға жіберді.

Жайық өзені арқылы келген тасқын суын Бақсай, Нарын, Сарыөзек және Соколок каналдары арқылы суару-суландыру жүйелеріне, лимандарға және Каспий теңізіне бағыттау жұмысы жүріп жатыр. Сарыөзек каналының тасқын суын қабылдайтын арнасы тазартылып, қорғаныс бөгеті нығайтылды. Каналдың төменгі бөлігінен жаңадан 4,2 шақырым канал тұрғызылып, Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылдық округінің аумағындағы 1 500 гектар шабындық алқабы суарылды. Сарыөзек арқылы да тасқын суы Каспий теңізіне бағытталады.

Тасқын суын қауіпсіз өткізу мақсатында Бақсай каналы бойындағы құбырлар мен бөгеттер алынып тасталды. Суды теңізге жіберу үшін жаңадан 4 шақырым канал тұрғызылып, Нарын каналының бас бөлігінің арнасы тазартылды. Бүгінде канал бойындағы 4,5 гектар шабындық алқабын тасқын суымен суару жұмысы жүргізілуде. 

"Қазіргі уақытта негізгі мақсаттардың бірі – тасқын суын тиімді пайдалану. Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне шамамен 1 млрд текше метрден астам су жіберілді. Сондай-ақ көлдерді, лимандарды және жерасты суларының орындарын толтыру үшін де су жіберіліп жатыр", - деді су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу