Атырау облысында биылғы жылдың 10 айында балық қорғау заңнамасын бұзудың 2433 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 8 тоннаға жуық балық алынды.
Инспекция мәліметінше, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 170 материал соттың қарауына жіберілген. Ал ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп өткізілген рейдтер нәтижесінде 130-ға жуық заңсыз әрекеттің жолы кесілді.
Балық аулау талаптарын бұзған азаматтарға жалпы сомасы 40 млн теңгеден асатын айыппұл салынды. Сонымен бірге 3314 балық аулау құралы, 5 автокөлік және 171 жүзу құралы тәркіленді.
Инспекция мамандары су айдындарын браконьерлік құралдардан тазарту мақсатында өзен арналары мен теңіз аумағын күн сайын тексеріп отырады. Бұдан бөлек, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы негізгі су айдындарынан бөлініп қалған, балықтардың қырылу қаупі бар шағын көлшіктерден шабақтарды құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Бүгінге дейін 46 млн 400 мыңнан астам шабақ құтқарылды", – деді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының баспасөз хатшысы Рүстембек Қорқытов.