Атырау облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі тұрақтанды

217

Биылғы сәуірден бері Жайық өзеніне мол су келді.

Атырау облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі тұрақтанды Фото: Жедел штаб

"Қазгидромет" РМК Атырау облысы бойынша филиалының директоры Салауат Төленовтің айтуынша, осыған байланысты гидрологиялық ақпарат беру тоқтатылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Жайық өзенінің Атырау облысының аумағындағы бөлігінде су деңгейі төмендеу көрсеткіші тұрақтанды. Сол себептен, 1 шілдеден бастап Атырау облысындағы барлық гидрологиялық бекетте су деңгейінің төмендеуіне байланысты ақпаратты бюллетень түрінде беру тоқтатылады" деді Салауат Төленов.

Биылғы сәуірден бері Жайық өзеніне мол су келді. Соған байланысты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің шешімімен сәуір айында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Ал, Индер және Махамбет ауданында өзен арнасындағы су деңгейі қауіпті шектен асты. Елді мекендерді тасқын судан қорғайтын бөгет тұрғызуға еліміздің әр өңірінен әскерилер, төтенше жағдайлар саласының мамандары көмекке келді. Атырау-Орал бағытындағы трассаның бірнеше бөлігі жырылды. Жайық өзенінің жағалауы бекітіліп, Соколок каналының жанынан жаңа арна қазылды. Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын сағасы тереңдетілді.

Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылына баратын жолды тасқын су басты. Ауыл тұрғындары Атырау қаласына эвакуацияланды. Ал, Жалғансай ауылының тұрғындары Махамбет ауданының орталығына көшірілген еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу