Атырау облысында жасанды бөгеттерді жара бастады

302

Ұлы Жем өзені арнасын бұру үшін жасанды бөгеттерді жару жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атырау облысында жасанды бөгеттерді жара бастады Фото: бейнеден

"Қазіргі уақытта Ұлы Жем өзені елді мекенге қауіп төндірмес үшін, қарғын судың деңгейін түсіру өте өзекті мәселе болып отыр. Осы ретте Жемнің бойында орналасқан жасанды бөгеттерді жару арқылы судың арнасын бұру жұмыстары басталды", - делінген хабарламада.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жауапты мамандармен бірге жүріп жатқан жұмыстарға аэровизуалды тексеру жүргізді.

"Жылыойға төнген қауіпті сейілту мақсатында Жем өзенінің сағаларын ашып жатырмыз. Бұл маңда кезінде көптеген жеке шаруа қожалықтар суды жинап алу мақсатында ағыс көзін бітеп, жасанды бөгеттер тұрғызған. Бұл қалаға келген судың ағыспен ағып кетуіне үлкен кедергі болып отыр. Соған байланысты бітелген арналардың көзін бөгеттерді жару арқылы ашып жатырмыз. Оны тротилмен жарып, өзен кедергісіз ағып жатыр", - деді Қ.Нұртаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын тасқын судың қаупіне байланысты Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Күндіз Құлсарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басты.

5 сәуір күні тасқын су Құлсары қаласына кіре бастағанын хабарлаған болатынбыз.

Бейнеу ауданына Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігерлері медициниалық көмек көрсетуге арнайы барды.

Сондай-ақ Бейнеу ауданында Құлсарыдан келген 2,5 мың адам орналасып үлгерді. Ақтау қаласында да судан зардап шеккен Құлсары тұрғындары үшін эвакуациялық пункт ашылды.

Сонымен қатар Маңғыстауда азық-түлік қоры жеткілікті екенін ресми орындар мәлімдеді.

Су басу кезінде Құлсарыдағы ауруханадан 77 науқасты Маңғыстау облысына жеткізді.

Бүгін Құлсарыда 28 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу