Атырау облысындағы күшті желдің екпіні қайтар емес. Соған байланысты облыстық әкімдікте жауапты мекемелердің қатысуымен жиналыс өтіп, балабақша тәрбиеленушілері мен кезекші сынып оқушыларын қабылдауды уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылданды.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, қатты желдің салдарынан 13 нысанның шатыры ұшып кетіп, тағы бесеуінде шатырдың құлау қаупі төнген. Оның ішінде Мақат ауданындағы екі мектептің, локомотивтік депоның шатыры жөнделуде. Индер ауданында "Қазтелеком" АҚ филиалы ғимаратының және бір тұрғын үйдің, Жылыой ауданында тағы бір тұрғын үйдің шатырына желден зардап келген. Атырау қаласы бойынша мұндай бес жағдай тіркелген.
Белгілі болғандай, аймақта төтенше жағдай жариялауға әзірге негіз жоқ, ол бекітілген ережеге сәйкес желдің екпіні секундына 25 метрден жағдайда ғана жарияланбақ. Қазіргі кезде ТЖ хабарламасына сәйкес, ол секундына 15-18 метр көрсетіп тұр.
Құралай Қуатова