"Бүгін жергілікті уақытпен сағат 12:30 шамасында "Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы" бағытындағы тасжолдың 523-шақырымы тұсында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол бойында 64 жастағы ер адам жүргізіп келе жатқан "КамАЗ" бен "Skoda" автокөлігі соқтығысып қалды. Жеңіл көліктің рулінде 67 жастағы зейнеткер болған. Соққы салдарынан жол-көлік оқиғасы тіркелген орында "Skoda" автокөлігіндегі 1960 жылғы жолаушы көз жұмды. Осы көлікте болған екі адам ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жыл басынан бері аталған жол бойында бірнеше рет жол апаты тіркеліп отыр.
"Мәселен, 21 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 7:30-да Атырау облысы арқылы өтетін "Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы" бағытындағы жолдың 502-шақырымында "ВАЗ-2114" автокөлігі жол апатына ұшырады. Көлік жүргізушісінің басқару жүйесін игере алмағаны анықталды. Сол күні сағат 10:40 шамасында аталған тас жолдың 376-шақырымында тағы бір жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол бойында "Lada Priora" мен "УАЗ" автокөліктері соқтығысты", - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Бір күнде болған екі жол-көлік оқиғасының салдарынан 6 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған.