"Татнефть" компаниясы Қазақстанда жүзеге асырылуы тиіс болған "Бутадиен" жобасына қатысуды тоқтатты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жоспарға сай бутадиен мен оның негізіндегі өнімдерді өндіретін мұнай-химия кешенін салу көзделген. Ал, кешенге қажетті шикізат Теңіз кен орнынан жеткізілуі тиіс еді. Аталған жоба Қазақстан мұнай-химиясын жоғары қосылған құнмен дамытудағы негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылған.
Бастапқыда "Бутадиен" бірлескен кәсіпорын форматында іске асырылуы тиіс болған: үлестің 75 пайызы "Татнефтьке", ал 25 пайызы қазақстандық тарапқа тиесілі еді.
Желтоқсан айында EPC-мердігерді анықтау жоспарланғаны хабарланған болатын. Алайда негізгі стратегиялық серіктестің шығуы жобаның мерзімі мен жүзеге асу форматына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Қазіргі уақытта жобаның параметрлерін қайта қарау, жаңа серіктес іздеу немесе оны қайта форматтау туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.