Атырау облысындағы "Қарабау-Индер" жолын салуға қажет қаражат бөлінуі мүмкін

2575

Созылып кеткен жолдың "жыры" сонымен бітсе игі.

Атырау облысындағы "Қарабау-Индер" жолын салуға қажет қаражат бөлінуі мүмкін

Атырау облысындағы "Қарабау-Индер" тас жолын уақытында аяқтау үшін 2021 жылы республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі ұлғайтылуы мүмкін, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Атырау облысынан сайланған мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаевтың ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Бейбіт Атамқұловқа облыстағы Индер және Қызылқоға аудандарынан бір-біріне қатынауға мүмкіндік беретін жол құрылысын аяқтау бойынша депутаттық сауал жолдағаны жөнінде жазған болатынбыз.

"Осыған дейін 2021 жылға республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 0,3 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл қаражат өте мардымсыз көлемде еді. Облыс әкімдігі қосымша 3 млрд. теңге сұраған", - дейді Сәлімжан Нақпаев.
Белгілі болғандай, аталған министрлік депутаттың сауалын қарастыра келіп, жобаны уақытылы аяқтау үшін қосымша қаражат сұрап, 2021 жылға арналған республикалық бюджетті бірінші нақтылау кезінде қаржы министрлігіне өтінім жолдаған. 

Атырау облысының шалғай Қызылқоға ауданынан Индер ауданына, сол арқылы Батыс Қазақстан облысына шығуға жол ашу ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға сеп болып, екі ортадағы алыс-берісті оңайлатады деп күтілуде. Атырау облысына мал, ет-сүт өнімдері жері шұрайлы және салыстырмалы түрде бағасы мұнайлы өңірден төмен болып келетін БҚО-дан келетінін ескерсек, оған негіз де жоқ емес. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу