Атырау облысындағы Нарын каналы жөндеуді қажет етеді

1290

Оның бітеле бастауы малды сусыз қалдырған. 

Атырау облысындағы Нарын каналы жөндеуді қажет етеді

Атырау облысы Исатай ауданындағы төрт түлік иелері күннің ыстығында жайылған малдың су көзі болмағандықтан, қырылып жатқанына наразы. Қазіргі күні жергілікті басшылық осы жағдайға орай "Атырау-Астрахань" тас жолын жүргізіп жатқан мердігер мекеменің бұл өңірдегі каналдарынан алатын су көлемін азайтуды немесе уақытша тоқтатуын сұрап хат жазған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айта кетейік, жаз шыға ауданда мал шығыны көбейгені, оған су тапшылығы кінәлі екендігі жайлы осыдан бір ай бұрын да айтылған. Алайда Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов ол кезде бұл жайды жоққа шығарып: "Рас, асып-тасып жатқан су жоқ, бірақ мал суаруға жетерлік. Ал, жаппай қырылып жатқан мал дерегі тіркелген жоқ. Тек екі-үш жерден ғана каналдың батпағына батып, болмаса ауырып өлген малдың өлексесін кезіктіруге болады. Егер су қазандығына көптеген мал келіп су ішетінін ескерсек, бұл да әдеттегі жағдай",  деген болатын. Кейін бұған наразы шаруалар батпаққа батып, қабырғасы ырсиып, шөлден қаталаған малдарының суреттері мен видеоларын жайып салды. 

Белгілі болғандай, малдың қырылуына бұл жердегі негізгі су көзі саналатын Нарын каналының қамыс басып, лайланып, бітелуі себеп болып отыр екен. Канал бастауын Каспий теңізі жағалауынан және Жайықтан алады және "ҚазСушар" РМК Атырау филиалына тиесілі. Оған 61 жылдан бері бір рет жөндеу жұмысы жүргізілмепті, алдағы уақытта күрделі жөндеуден өтпесе, жақын маңдағы Аққыстау, Жанбай, Зинеден ауылы тұрғындарының малына қауіп төніп тұр. Бұдан бөлек, ауданда "Мақаш" су қазандығы да бар, бірақ оны негізінен "Атырау-Астрахань" трассасын салып жатқан мекеме техникалық су ретінде пайдаланатын көрінеді. Бұл жағдай да онсыз да малын суара алмай отырған шаруаларға жығылған үстіне жұдырық болып тұр.

"Биылғы жылы көктем айларында аталған каналдың Аққыстау мен Жанбай ауылдарының аралығы бораған топырақпен бітеліп, соның салдарынан Жанбай ауылындағы Манаш катлованы мен Нарын ауылындағы Ақбас (Қызтуған) катловандарына су жеткізу деңгейі төмендеп отыр. Осы мәселені тиімді шешу мақсатында үстіміздегі жылдың 20 шілде күні Жанбай ауылында орналасқан Тас көпіріне арнайы су айдау насосы қойылып, аталған бағыттарға күні бүгінге дейін су жіберілуде. Аудан көлеміндегі ең ірі канал болып саналатын Нарын каналын жөндеу қажеттігі туралы баланс ұстаушы "ҚазСушар" РМК басшылығына ұсыныс берілді",– дейді аудан әкімі Полымбет Хасанов. Алайда каналдың су сорылатын бөлігіндегі су азайғанда өшіріліп, су қоры жинақталғасын кері қосылатындықтан, бұл су айдау насосы тәулік бойына қосылып тұрмайды екен. Сол сияқты, жол салып жатқан  "ҚазАвтоЖол" АҚ-на каналдан алып отырған суларының көлемін азайту немесе уақытша тоқтата тұру жөнінде ұсыныс жолданыпты. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу