Атырау облысындағы отбасы өлімі: қылмыстың себебі аталды

124

Ер адам кінәсін мойындады. 

Атырау облысындағы отбасы өлімі: қылмыстың себебі аталды Фото: polisia.kz

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты қылмыс ашылды. Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ІІМ хабарлауынша, 2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адамның, 64 жастағы әйелдің, сондай-ақ олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түсті. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Төртеуі де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел-тергеу тобы құрылды. 

"Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жүргенін айтты. Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерден көмілген күйде табылды", – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов. 

6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйдің шаруашылық құрылысының ішінен отбасының әкесі мен анасының мәйіттері табылды. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, балаларды іздестіру жалғасты. 

Қылмыс жасады деген күдікпен халықаралық іздеуге 29 жастағы ер адам, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласы жарияланды. Онымен бірге халықаралық іздеуге ерлі-зайыптылардың кіші қызы да берілді. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған. 

"Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы шетелдік әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы қылмысқа күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов. 

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кіші қызы да анықталды. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындады. Оның көрсетуімен жедел-тергеу тобы қосымша тергеу әрекеттерін жүргізді. Атыраудағы үй ауласын тексеру барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылды. 

"Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізілуде, іс министрліктің бақылауында", – деді Қанат Нұрмағамбетов. 

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр және ерекше бақылауда. Сондай-ақ отбасының кіші қызының бұл іске қатыстылығы тексеріліп жатыр. Оның психикалық жағдайын анықтау мақсатында ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберілді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу