Атырау облысындағы тағы бір көпір ойылып, жүк көліктерінің өтуіне тыйым салынды

134

Атырау облысының Махамбет ауданында Жайық өзенінің үстінен салынған көпірде ақау анықталды.

Атырау облысындағы тағы бір көпір ойылып, жүк көліктерінің өтуіне тыйым салынды Фото: Махамбет ауданының әкімдігі

Сол себептен, жүк көліктерінің көпірден өтуіне тыйым салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл деректі Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев растады.

"Махамбет ауданындағы облыстық маңызы бар көпірде жарық пайда болды. Соған байланысты жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылды. Қазір аталған көпірдің жай-күйіне техникалық зерделеу жүргізу үшін өтінім берілді", – деді ол.

Аталған көпірдің құрылысы 2014 жылы басталып, 2017 жылы пайдалануға берілген. Көпірдің ұзындығы – 8,5 шақырым, ені – 13 метр. Оның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 9,4 млрд теңге бөлінген. Кезінде бұл жобаның бас мердігерлігіне "Атырауинжсртой" ЖШС таңдалған.

Бұл көпірдің жүк көтеру қуаты 180 тоннаға есептелген. Оның ұзындығы – 860, ені – 13 метр. Көпірге көтерілетін жолдың жалпы ұзындығы – 8,5 шақырым. Көпірдің Жайық өзенінің оң жағалауындағы тармағы Махамбет ауылының тұсында Атырау – Орал республикалық трассасына қосылады. Ал, сол жағалаудағы бөлігі Ортақшыл ауылының маңында Атырау – Индер облыстық маңыздағы жолға жеткізеді.

Махамбет ауданы әкімдігінің мәліметінше, көпірдің ортаңғы бөлігіне зақым келген. Осыған байланысты көпірде ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Ал, жеңіл автокөліктерге сағатына 20 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу