Атырау облысындағы Теңіз кен орнында мұнай төгілді

355

ТШО өндірісі штаттық режимде жалғасып жатқаны хабарланды.

Атырау облысындағы Теңіз кен орнында мұнай төгілді Фото: inbusiness.kz

Атырау облысындағы Теңіз кен орнында мұнайдың төгілуі анықталды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты "Интерфакс-Казахстан" агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Теңізшевройл" мекемесінің жедел тобы оны оқшаулау үшін шұғыл шаралар қолданды. Бұл ақпаратты компанияның баспасөз қызметі растап, оқиға бойынша түсініктеме берді.

"Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының қауіпсіздік шаралары мен ережелеріне сәйкес тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық жауапты органдарға тиісті түрде хабар берілді. ТШО қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырып жатыр", - делінген компанияның баспасөз хабарламасында.

БАҚ-та тараған мәліметке сәйкес, апат мұнай резервуарлары мен газ өңдеу зауытының кешенді технологиялық желілері арасында, жерасты желісінде болған. Шамамен 50 текше метр мұнай төгілгені дәлелденді және бұл көлем шамамен бір вагон мұнайға тең.

Ресми мәліметтер бойынша, ТШО компаниясы 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында 21,7 миллион тонна мұнай өндірді (173,1 миллион баррель). Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға артық.

Айта кетсек, “Теңізшевройл” Қазақстанның батысындағы Атырау облысының Теңіз және Королевское мұнай-газ кен орындарын игеруде. Қазіргі уақытта, компания жалпы құны 45,2 миллиард долларды құрайтын Теңізде өндірісті кеңейту жобасын (PBR-PUUD) жүзеге асыруда.

"Теңізшевройл" ЖШС қатысушылары Chevron (қатысу үлесі 50%), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы арқылы Қазақстан (20%), ЛУКОЙЛ (5%) болып табылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу