Атырау облысының 300 медицина қызметкері баспанамен қамтамасыз етіледі

1772

Баспанадан үміткер қызметкерлер тізімін Атырау облысы әкімдігі әзірлейді, сондай-ақ құрылысқа арналған жер беріп, инженерлік коммуникациялар жүргізуді қамтамасыз етеді.

Атырау облысының 300 медицина қызметкері баспанамен қамтамасыз етіледі

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Атырау облысындағы денсаулық сақтау саласының 300 қызметкерін баспанамен қамтамасыз етуге көмектеседі, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Дәрігерлер мен медбикелер жаңа үйлерді 1 шаршы метрі 180 000 теңге бағамен сатып ала алады. Жалпы алғанда, бір бөлмелі пәтердің бағасы 7,9 млн, ал екі бөлмелі үйдің құны 9,9 млн теңгені құрайды.

Денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған пәтерлер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Өз үйім" атты жеке бағдарламасы аясында сатылмақшы. Аталған жоба шеңберінде баспаналы болу үшін бағдарламаға қатысушыларға банктегі шоттарына 20% көлеміндегі бастапқы жарна салу керек. Осыдан кейін олар жылдық мөлшерлемесі 7% болатын заем ресімдей ала алады.

Баспанадан үміткер қызметкерлер тізімін Атырау облысы әкімдігі әзірлейді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы орган құрылысқа арналған жер беріп, инженерлік коммуникациялар жүргізуді қамтамасыз етеді және аумақты көгалдандырады.

Ал тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы көмектеседі.

Бұл туралы ынтымақтастық меморандумына бүгін ТҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және "Атырау" ӘКК  басшысы Марат Түсіпқалиев қол қойды.

Аталған келісімге сәйкес, 297 пәтерден тұратын төрт нысан салынады және олар 2019 жылы пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек Атырау облысы тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге арналған тағы басқа бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар аймақтың 2000 тұрғынына төмендетілген бағамен баспана сатып алуға мүмкіндік бермек.

Екінші меморандум тек Атырау облысы аймағында жүзеге асырылатын "Жас Отау" тұрғын үй бағдарламасына қатысты болды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, аймақ әкімдігі және "Атырау-Жас Отау" ЖШС арасында бекітілген келісімге сәйкес, "Нұрсая" ықшамауданында 100 пәтерден тұратын үй салынады. Бұл нысаннан жасы 29-ға жетпеген ерлі-зайыптылардың жас отбасы пәтер сатып ала алады. Олар үшін үйлердің 1 шаршы метрінің бағасы 179 000 теңгені құрайды.

Тағы екі меморандум "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты бекітілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу