Мұндай жаңалықты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте ол бірқатар сұраққа жауап берді.
– Спортқа қаражат тиісінше бөлініп жатыр. Оның көп мөлшердегі қаражатын біз жасөспірімдер, балалар спортына және бұқаралық спортқа бөліп жатырмыз. Өйткені, төменнен бастап дайындауға көңіл бөлу үшін. Себебі, Президентіміз де тапсырма берді. Біз даладан легионерелер тартуды емес, өзіміздің жергілікті спортшыларымызды қолдауымыз, көмектесуіміз керек. Қазір арнайы бағдарлама жасап, спортшыларымыз бар, бапкерлеріміз бар бірігіп, жастарды қолдау жағын ақылдасып жатырмыз. Цифрландыру арқылы белді спортшыларымызды жарыстарға жіберу керек. Онда әрқайсысының көрсеткіштері орнатылып, соның ішіндегі ең мықтысын жарысқа жібереміз, – деді ол.
Сонымен қатар, БАҚ өкілдері тарапынан келесі жылы "Атырау" футбол клубына қанша қаражаттың қаралғаны туралы сұрақ қойылды.
– Спорттық клубтарға қаралған қаржы – 1 миллиардтың көлемінде. Желтоқсан айында келесі жылдың бюджеті нақтыланады. Сол кезде қосымша ақпарат беріледі, – деп қысқа қайырды Серік Шәпкенов.