Мемлекет басшысы Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керектігін айтты

444

Аймақта радиология корпусының құрылысын қаржыландыру мәселесі шешімін тапты.  

Мемлекет басшысы Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керектігін айтты Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Атырау облысының өзекті мәселелерін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өздеріңіз білесіздер, мен осы басқосуға аймақ өкілдерін шақыру туралы тапсырма бердім. Бүгін, міне, ортамызда атыраулық ағайындар да отыр. Соның ішінде экология мәселелерін көтеріп жүрген белсенді азаматтар бар. Жалпы Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалына алаңдап отырғанын білемін. Қалада кәріз жүйесін, су құбырын салу өте маңызды. Инфрақұрылым әбден ескірген. Соның кесірінен жерасты сулары және Жайық өзені ластанып жатыр. Облыс орталығында қоқысты сұрыптауға және өңдеуге қатысты түйткілдер бар. Атырауда қоқыс сұрыптайтын кешен салынған. Әкімдік оны жақын арада іске қосуға тиіс. Сондай-ақ қоқыс полигонын дереу ретке келтіруі қажет", - деді Президент. 

Тоқаев бұл мәселелер міндетті түрде өз шешімін табуы керек екенін жеткізді. 

"Қазір осыған байланысты нақты жұмыс жасалып жатыр. Үкіметке және облыс әкімдігіне бұл маңызды жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырамын. Бұл мәселе менің бақылауымда болады. Жалпы Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек. Сондықтан Үкімет пен әкімдік арнайы жоспар бойынша жұмыс істейді", - деп жалғастырды ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде өңірде Онкология орталығын салу туралы тапсырма бергенін еске салды. 

"Бірақ, қаржы мәселесі толық шешілмей, созылып кетті. Енді оған жер қойнауын игерумен айналысатын кәсіпорындар қаржы бөлетін болды. Құрылыс келесі жылы аяқталады. Сондай-ақ, облыс әкімінің айтуынша, Радиология корпусының құрылысын қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Бұл нысан жыл соңына дейін салынып бітеді", - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Президент бұл жобаларға демеушілік көрсеткен азаматтарға және компанияларға ризашылығын білдірді.

Оның сөзінше, биыл бірнеше емхана, оңалту орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға берілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу