Атырау облысының ішкі істер департаментінде алғаш рет әйелдердің арнайы жасағы құрылды деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Қыз-келіншектер қазір жекпе-жек, мылтық ату, медициналық және психологиялық жаттығулардан өтіп жатыр. Алғашқы топтағы 35 әйелді 10 түрлі талап бойынша кәсіби және әскери мамандар, халықаралық дәрежедегі спортшылар жаттықтырады.
Ішкі істер департаментіндегі түрлі бөлімшелерде қызмет ететін қыз-келіншектер қазір оқу-жаттығу орталығында арнайы дайындықтан өтіп жатыр. Талап түрлері ерлермен бірдей.
"Қоғамдық тәртіп сақтаумен құқық қорғау кезінде әрі қиын-қыстау шақта өздерінің айла-тәсілдерін қолдана отырып, қылмыскерді ұстаудың тактикалық әрекеттерін үйретеміз", – дейді тәлімгерлер.
Орталықта негізінен тәжірибелік жаттығулар жүргізіледі. Тәлімгерлер жекпе жек әдістері, тапаншамен автоматтан ату, психологиялық, бойындағы қорқынышты жоя білу, өміріне қауіп төнген қарапайым адамдарға көмектесудің әдіс-тәсілдерін жетік меңгеріп шығады.