Жалпы, республика бойынша 2019 жылдың 15 мамырына 36 968 салық төлеуші бюджетке 2018 жылдың 1 қазанында болған жалпы сомасы 7,3 млрдтеңге құрайтын негізгі қарызын төлеген, деп хабарлайды қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Бұл салық төлеушілер бойынша 1,9 млрд теңге өсімпұл және 96,0 млн.теңге айыппұл есептен шығарылатын болады деген сөз.
Жүргізіліп жатқан салықтық амнистия аясында салықтан 67,8 млн. теңге негізгі қарызын төлеген Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпорнына 40,1 млн теңге өсімпұл есептен шығарылды. Ал Атырау облысының салықтар бойынша 3,4 мың теңге берешегін төлеген жеке кәсіпкерінің 772,2 мың теңге өсімпұлы есептен шығарылды.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң күшіне енгені белгілі. Ал 2019 жылдың 8 ақпанынан бастап бересіні төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары қолданысқа енген.
Алдын-ала деректер бойынша 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес 340,6 млрд. теңге салық берешегі бар 90 077 шағын және орта бизнес субъектілері (31 210 заңды тұлғалар және 58 867 дара кәсіпкерлер) рахымшылыққа жататынын естеріңізге саламыз.
Біздің елімізде бірнеше мәрте салықтық рақымшылық өткізілді, әр өткізілгенінде бизнеске жинақталған қарыздарынан құтылуға және заңды коммерциялық қызметті жалғастыруға мүмкіндік берген.