Атырау облысында көлік салығы бойынша жеке тұлғалардың берешегі 500 миллион теңгеден асып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы 9 мыңнан астам азаматтың көлік салығы бойынша жалпы берешегі 505 миллион теңгені құраған. Оның ішінде 400 миллион теңгесі – негізгі қарыз, ал 105 миллион теңгесі – өсімпұл.
Мемлекеттік кірістер департаменті басқарма басшысы Бисен Юсубалиевтің айтуынша, көлік құралдарына иелік ететін барлық азаматтар салық төлеуші болып саналады. Салық сомасы көліктің қозғалтқыш көлеміне және айлық есептік көрсеткішке қарай есептеледі.
– Қазір 2024 жылға арналған мүлік салығына қатысты есептеулер жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталып, банктердің мобильді қосымшалары арқылы азаматтарға push-хабарлама түрінде жолданады. Сол себепті тұрғындарды салықтарын уақытында және толық төлеуге шақырамыз, – деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Егер салықты белгіленген мерзімде төлемесе, алдымен хабарлама жіберіледі, кейін салық бұйрығы шығарылып, берешек мәжбүрлеп өндіріледі. Бұл процесті жеке сот орындаушылары жүргізеді.