Атырау Оралдан жасанды желдету аппаратын алмайтын болды

958

Одан бюджет қаржысы қаншалықты үнемделмек?  

Атырау Оралдан жасанды желдету аппаратын алмайтын болды

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен "ОралМедРегион" ЖШС арасындағы 45 жасанды желдету аппаратын жеткізуге қатысты келісім-шарттың бұзылғаны жөнінде мәлім болды.

 Бұл төңіректегі дау белгілі қоғам қайраткері Азат Перуашевтің "Twitter" парақшасындағы жазбасынан кейін  көпке мәлім болған-ды. Онда А.Перуашев "Мен "ОралМедРегион" ЖШС-не байланысты премьер- министрге хат жолдадым. Отандық ИВЛ аппараттарын өндіруші оны Атырауға жеткізу үшін келісім-шарт жасасқан. Алайда, денсаулық сақтау министрлігі ИВЛ-ді Түркиядан 30 миллиард теңгеге сатып аламыз деп шартты бұзуды талап етіп жатыр екен! Ал сонда бюджетті үнемдеу мен ұлттық мүдде қайда қалады?", – деп жазған болатын.

"2020 жылдың 21 шілдесінде ҚР Қаржы министрлігінен Атырау облысының әкімдігіне елдегі медициналық ұйымдарға жасанды желдету аппараттарын сатып алу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлініп жатқаны туралы ақпарат түседі. Онда әрқайсысы 8 миллион 900 мың теңге тұратын 63 жасанды желдету аппаратын Атырау облысына жеткізу жоспарланған. Ал, "ОралМедРегион" ЖШС-нің Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасымен жасалған келісімшарты бойынша әр жасанды желдету аппаратының құны – 13 миллион 285 мың теңгені құрайды.

Жоғарыда аталған келісім-шарт бойынша жалпы сомасы 597 миллион 825 мың теңгеге 45 аппаратты сатып алу жоспарланған. Бір жасанды желдету аппараты бағасының айырмашылығы – 4 миллион 385 мың теңге. Яғни, бұл үкімет резерві есебінен сатып алынатын құрылғылардың бағасынан 50 пайыз қымбат. 8,9 млн теңгенің 45 жасанды желдету аппаратын сатып алу бюджет қаржысынан 197 млн. 325 мың теңге үнемдеуге, оған қосымша 22 сондай аппарат алуға мүмкіндік береді. Қаржы министрлігінің жоғарыда көрсетілген ақпаратын алғаннан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайларды ескере отырып, "ОралМедРегион" ЖШС-нің қазынашылық органдарда 2020 жылғы 21 шілдеде тіркелген келісім-шартты бұзу туралы хат жолдады" деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өз кезегінде "ОралМедРегион" ЖШС директоры Андрей Павлов тендер талаптарын бұзбағандығын, барлық процедураға әділ қатысқандарын алға тартуда. Ал Азат Перуашев сөз еткен "Түркиядан 30 миллиард теңгеге ИВЛ аппаратын алу" мәселесі жөнінде әзірге қандай да бір түсініктеме жоқ.

Құралай Қуатова,

Атырау облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу