Атырау өзен порты жүк тасымалдай бастады

1872

Атырау өзен порты бес жыл үзілістен кейін жұмысын жалғастырды.

Атырау өзен порты жүк тасымалдай бастады

Мекеме 1927 жылы Гурьев өзен порты ретінде құрылып, ұзақ жылдар бойы су жолы арқылы жүк тасымалдап тұрған. 2010 жылы порт түгелдей жаңартылып, жылына 15 мың тоннаға дейінгі жүк тасымалына қол жеткізді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары Жайық-Каспий қайраңы тайызданып, соның салдарынан жүк кемелерінің сумен жүруі мүмкін болмай қалған. Жергілікті билік пен демеушілер көмегімен суды тереңдету жұмыстары жүргізілгеннен кейін порт жұмысы қайта жанданып отыр.

Нақтылай кетсек, су жолы арқылы алыс және жақын шетелмен қарым-қатынас орнатып, азық-түлік, өндірістік, басқа да тауарларды тасудың экономикалық жағынан беретін артықшылығы көп. Мұндай жағдайда тасымалдау шығыны азайып, автокөлік және теміржол арқылы тасылатын жүк көлемі азая түспек.

"Тағы бір оң жаңалық – кедендік рәсімдеуді оңайлату үшін теңіз портында кедендік бақылау бекеті ашылып отыр. Осының өзі біраз уақытты үнемдеп, шығынды азайтуға сеп болды. Ақтаудағы Баутино өзен портында осындай жағдай жасалған, енді  бізде де бар", – дейді Атырау өзен портының директоры Азамат Зұлқарнаев.

Қызу іске кіріскен Атырау теңіз порты ірі габаритті жүктерді де тасымалдауға қабілетті. Соңғы рет 2015 жылы мұнай және сервистік компаниялар үшін үлкен көлемдегі құрал-жабдықтар әкелінген екен. Қазір мұнда газ-химия кешені үшін пропан сақтауға арналған әрқайсысы төрт мың тонналық 25 резервуар келіп жатыр. Олар портқа жеткізілгеннен кейін 1250 тоннаға дейін жүк көтеретін екі кран арқылы транспортерлерге тиеледі екен. Өздігінен жүретін модульдік транспортерлер жүкті әрі қарай тапсырыс берген өндіріс орнына апарады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу