Атырау полицейлері жаңа сервистік модельмен жұмыс істемек

798

Яғни тәртіп сақшылары қылмыспен күреске емес, оның алдын алуға күш жұмсайды.  

 Атырау полицейлері жаңа сервистік модельмен жұмыс істемек Фото: mail.kz

Пилоттық жоба облыстың барлық аудандары мен ауылдарында іске қосылады деп жазады inbusiness.kz Атырау облыстық әкімдігінің сайтына сілтеме жасап. 

Осы бағыттағы жұмыстар аймақ басшысы Серік Шәпкеновтың қатысуымен болған жиында айтылды. Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев облыста полицияның сервистік тәсілін енгізу мақсатында құрылған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ведомствоаралық комиссияның жұмысы, оны әрі қарай қала және аудандарда кеңейту туралы баяндама жасады.

- Өткен жылы көрсетілген аумақта жұмыс тобы ақпарат жинау, талдау және іс-әрекет кезеңдерін аяқтады. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша облыстық әкімдікке 15 тармақтан тұратын ұсыныс жолданып, Атырау облысының ведомствоаралық комиссиясында қаралды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, полицияның сервистік моделін енгізудегі пилоттық жобаның келесі кезеңін облыс көлемінде өткізу жоспарлануда -деді ол. 

Облыс әкімі өз кезегінде ведомствоаралық комиссияда қаралған ұсыныстардың орындалуын назарда ұстау қажеттігін айтты.

- Полицияның сервистік моделін құрудағы басты мақсат - тұрғындармен тығыз байланыс орнату. Баяндамада айтылған халықтың ұсынысы қағаз жүзінде қалмай, орындалуы қажет. 15 тармақтан тұратын ұсыныстың іске асырылуы тікелей бақылауда болуы маңызды. Сонда ғана нәтиже болады. Ал берілген уәде орындалса, оған тұрғындар да сенеді,-деді Серік Шәпкенов.

Шенеунік "Полицияның сервистік моделі" пилоттық жобасын қала мен аудандарда іске асыруды хаттамаға енгізіп, әкімдерге әкімдік жанынан қызметтік бөлме бөліп, тиісті жұмыс тобын құру туралы нақты тапсырма берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу