Атырау театры бір дереккөзбен 116 млн теңгеге келісімшарт жасаған

762

Күзде жарияланған құжатқа көктемде өтіп кеткен мейрамдар да енген.  

Атырау театры бір дереккөзбен 116 млн теңгеге келісімшарт жасаған

Атырау облысында Махамбет атындағы қазақ драма театры "Arsen" жеке кәсіпкерлігімен 116 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Бір дереккөзбен жасалған келісімшартқа бұған дейін өтіп кеткен мерекелік іс-шаралар да кірген. Мәселенің мән-жайын осы жағдайға байланысты құрылған арнайы жұмыс тобы анықтауда, – деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, келісімшартқа 10 іс-шара кірген және олардың ай күні өтетіні көрсетілмеген. Бұл шаралардың ішінде Наурыз мерекесі, халықаралық театр күні мен Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған театрландырылған мәдени-көпшілік шараларға да келісімшарт 27 қыркүйек күні жасалған. Сондай-ақ келісімшарт мерзімі 2021 жылы аяқталатыны көрсетіліпті.

Өз кезегінде Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Берік Жаменов бұл мемлекеттік сатып алуға жауапты маманның қателігінен болғанын және соған орай тәртіптік жаза қолданылғанын алға тартады. Жарияланған байқауға үш мекеме қатысып, оның ішінде "Arsen" жеке кәсіпкерлігі төмен баға ұсынды.

"Атқарылған жұмыстардың қаражаты қабылдау актісіне сәйкес, іс шаралар өткізілген наурыз, мамыр, маусым айларында банктегі есеп шот арқылы төленді. Жауапты маман кемшілікті жою мақсатында атқарылған, қаржысы төленген жұмыстарды ашық порталға бір дереккөзден мемлекеттік сатып алу тәсілі негізінде жариялаған. Бұл туралы ол маған ескерткен жоқ", – дейді Берік Жаменов.

Сондай-ақ келісімшартта көрсетілген соманың бүгінде тек 54 850 000 теңгесі ғана игеріліп тұр екен. Қазіргі күні бұл дерекпен арнайы құрылған жұмыс тобы айналысуда.

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу