"Тіл" оқу-әдістемелік орталығы басшысының міндетін атқарушы Лаура Ғазизованың мәліметінше, Атырау қаласында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын курс ашылған. Тіл үйрету курстарына оқуға 20 жастан асқан кез келген тұрғын тіркеле алады.
Арнайы курста еркін сөйлеуге дейінгі тіл жетілдіру машығы оқытылады. Бұл жобаны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен "Тіл" оқу-әдістемелік орталығы жүзеге асыруды қолға алған.
"Біз Қазақстанның дамыған және алдыңғы қатарлы өркениетті елдер қатарында болғанын қалаймыз. Бұл үшін ел азаматтарының білімге, әсіресе шет тілдерді меңгеруге талпынысы болуы керек. Өйткені, қазір жаңа заманның сын-тегеуріндеріне тез бейімделу қажеттігі туындап отыр. Осы тұрғыдан айтқанда, тіл үйрету курсын ашудағы мақсатымыз – Атырау тұрғындарының біліктілігін арттыру, бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау. Қазір біздің орталықтағы тіл үйрету курсында 70-ке жуық адам оқып жатыр. Олардың 80 пайызы – жеке адамдар, ал 20 пайызы – мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлер. Тіл үйренгісі келетіндер бір топқа 15 адамнан бөлінеді. Оқу жиілігі аптасына бес рет деп бекітілген. Қазақ тілі курсы 120 сағат оқытылады. Ал, орыс тілі мен ағылшын тілін оқытуға 80 сағат бөлініп отыр", - деп хабарлады жобаның ұйымдастырушысы Лаура Ғазизова.