Атырау тұрғындары су мен жылусыз қалды

390

Атырау қаласының тұрғындары демалыста бір тамшы суға зар болып қалды.

Атырау тұрғындары су мен жылусыз қалды Фото: Inbusiness.kz

Жайық өзенінің бетіне қатқан мұздан қондырғылар істен шыққан. Тіршілік нәрін таппаған жұрт қолдарына құты алып, шаhар кезіп кетті. Кей баспаналарда жылу да тоқтап, халық дірдек қақты. Осылайша биліктегілердің қысқа дайын еместігі көрінді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Тәулік бойы тамшы су таппаған ықшам аудан тұрғындары күннің қара суығына қарамастан көшеге шықты. Олар мұндай жағдай жыл сайын қайталанатынын айтады. Әкімдіктің салғырттығы әбден мезі қылды, деп отыр.

"Кешеден бері бізде свет те жоқ , су да жоқ, жылу да жоқ. Себеп ол мұз қатып қалғандықтан дейді. Ондай өмірі болған жоқ. Ал қайда жылу. Не бәрі -10 градус қазір, сондайға біздің қала дайын емес әлі", - дейді қала тұрғыны Жаңылсын Сәдиева.

Мәселе жалғыз Нұрсая ықшам ауданында емес. Сенбі күні түнгі 23:30 шамасында Атыраудың 90 пайызы мен Мақат ауданына су беру тоқтады. Жауаптылар бұған соңғы 20 жылда болмаған "шәуіш" құбылысы себеп, дейді. Яғни Жайық беті біркелкі қатпай, қабыршақ мұз су соратын құрылғыны бітеп тастаған.

"Шәуіш дегеніміз, шуга дейміз ғой орысша, судың дер кезінде бір уақытта қатпау салдаранын. Біздің айналамыз қатпай, орталық қатты да, желдің салдарынан сеткамызға келіп тірелді. Соның салдарынан болды", - дейді "Атырау су арнасы" КМК басшысының орынбасары Ғасыржан Лекеров.

Қазір көпқабатты үйлердің денінде су болғанымен, әлі 8 баспанада ыстық су жүйесі жүрмей тұрған көрінеді. Әкімдіктегілер оны ретке келтіру үшін барымызды салып жатырмыз, дейді.

"12 үй бойынша қиындық туындатты, 4-ін қалпына келтіріп қостық. Бүгінде 8 үй бойынша жұмыс атқарылуда", - деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Умаров.

Жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдеріне түсінік беруге бірінші басшылар шықпады. Брифингке келген "Атырау су арнасының" өкілі, енді мәселе туындамайды, деп сенімді сөйледі. Ал қала әкімінің орынбасары жылу жүйелерінен де ақау шықпайтынын айтты. Сөздерінше, биыл бюджеттен бөлінген 311 млн теңгеге, 8,8 шақырым жылу жүйесі ауыстырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу