Атырау қаласының тұрғыны тісін дұрыс емдемеген стоматологияны сотқа берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атырау қалалық сотының мәліметінше, қала тұрғыны тіс емханасын сотқа беріп, 1 млн теңге моральдық өтемақы өндіріп алу туралы талап қойған. Ер адам II топ мүгедегі. Дәрігер ер адамның тісін дұрыс емдемеген.
Ақпаратқа сәйкес, талап қоюшыға ем жүргізілгеннен кейін тісінің ауырғаны басылмай, тіс емханасының дәрігеріне қайтадан барған. Дәрігер талап қоюшыға тісі ісіп кеткен жағдайда қайта келуін айтып, оны кері қайтарған. Салдарынан қала тұрғыны дәрігерге қайтадан жүгінуіне мәжбүр болған. Медициналық қызметкер пациентке облыстық ауруханада ем алуға жолдама жазып береді. Ер адамға ауруханада ота жасалып, ол ұзақ уақыт ем алған.
"Дауды сотта қарау барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келген. Жауапкер талап қоюшыға 100 000 теңге моральдық өтемақы және дәрі-дәрмек үшін шығындарды төлеуге міндеттелді. Сот ұйғарымымен аталған медиациялық келісім бекітілді", – делінген хабарламада.
Сот актісі заңды күшіне енді.