Атырау тұрғыны әйелдер колониясына ұялы телефон алып келген. Бұл туралы ақпаратты "Мой город" порталы жариялап отыр, деп хабарлайды abctv.kz.
Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты осыдан бір ай бұрын қызымен кездесуге келгенде ұялы телефон алып келген жергілікті тұрғынға қатысты әкімшілік істі қарады.
"УГ-157/11 мекемесінің тексеру бөлмесінде азаматшадан жазасын өтеп жатқан қызына деп әкелген "Samsung Duos" маркалы ұялы телефон табылып, алынған", – деді Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының баспасөз қызметі.
Сот тәртіп бұзушыны ҚР ӘҚ кодексінің 481-бабының1-тармағы "Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға осы мекемелерде сақтауға және пайдалануға тыйым салынған заттарды, бұйымдарды және басқа да нәрселердi жете тексеруден жасырып беру" бойынша айыпты деп тапты. Азаматшаға әкімшілік жаза ретінде ескерту жасалды да, телефон мемлекет пайдасына тәркіленді.