Атырау мұнай өңдеу зауыты тауарлық бензин өндірісінің көлемін тәулігіне 1 900-ден 4 500 тоннаға дейін ұлғайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"29 наурыздан бастап Атырау МӨЗ мұнайды терең өңдеу кешеніндегі каталитикалық крекинг құрылғысын іске қосқан соң бензин өндіру көлемін екі есеге, яғни тәулігіне 1 900 тоннадан 4 500 тоннаға дейін ұлғайтты. Сонымен қатар өндірілетін бензин маркасы АИ-92 және одан жоғары", - дейді Атырау МӨЗ баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетейік, "Атырау мұнай өңдеу зауытында терең мұнай өңдеу кешенін салу" жобасы Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, кәсіпорынның жаңғыртылуының үшінші, соңғы кезеңі болып табылады. Жоба 12 жеке технологиялық қондырғыны және жалпы зауыттың 40-тан астам нысанын салуды қарастырады. Негізгі қондырғы - каталитикалық крекинг қондырғысы, ол K4 және K5 экологиялық класты жоғары октанды бензин өндіруде мұнайдың терең өңделуі үшін қажет.