Жыл басынан бері Атырау жолдарынан 272 ақау анықталды. Оның 207-сі республикалық тас жолдардан, ал 65-і жергілікті маңыздағы жолдардан белгілі болған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
"Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК Атырау облыстық филиалы мамандары қаңтар мен қараша аралығында республикалық жолдардың сапасын тексеруге 711 рет, ал жергілікті жолдарға 164 рет тексеріс ұйымдастырды. Республикалық жолдардан анықталған 207 ақаудың 64-і жойылған, ал 143-і орындалмаған. Жергілікті жолдардағы 65 ақаудың 16-сы жойылған, 49-ы орындалмаған.
Аталған мекеме директоры Б. Мұқашовтың мәліметінше, жыл басынан бері жол құрылысына қолданылған материалдардан 1 166 сынама алынған. Арнайы зертханада сынақтан өткізілді. Нәтижесінде республикалық жолдардан алынған 15 жол құрылыс материалының ҚР мемлекеттік стандарттарына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Ал жергілікті жолдардан алынған 103 материал стандартқа сәйкес келмейді. Анықталған ақаулар бойынша Атырау облыстық мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасына 7 ұсыным хат жолданды. 2 техникалық қадағалаушының аттестаты 6 айға тоқтатылып, 2,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Құралай Қуатова