"Атырау" ДСК-де "Қазақстанның үздік тауары" атты республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті, деп хабарлайды azh.kz.
- Биыл "Үздік азық-түлік тауарлары" номинациясына қатысуға 7 компания, "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар" номинациясына 6 компания, "Тұрғындарға арналған үздік тауарлар" номинациясына 11 компания өтініш берді, - дейді Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Амангелді ИМАНОВ.
Қатысушылар арасында өткен жылғы байқаудың жеңімпаздары: "Карат", "Насиха", "Өнерпаз", "Рауан Налко", "Полимер продакшн", "Амангелді атындағы ӨК" ЖШС бар. Жаңадан қатысушылардан жүннен тоқылған бұйымдар шығарумен айналысатын "Каспий лана Атырау" ЖШС, "Дәулет-нан" сауда маркасы бар "Trans Tech international" ЖШС "Даулет-нан", ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруші "Агрохолдинг", жуу құралдарын шығаратын "Кожахмедов" ЖК, минералды су өндіруші "Каспий ботлерс", "Алмалы құс" құс фабрикасы бар.
Биылғы байқаудың басты ерекшелігі: жеңіс өз өнімі туралы тек Қазақстан шеңберінде ғана емес, одан тысқары жерлерге танытуға мүмкіндік береді. Өйткені, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қорытынды байқауды "Астана ЭКСПО-2017" көрмесі кезінде өткізуді жоспарлап отыр.