Атырау облысында құны 1 млрд теңге болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кедергі болған заңсыз әкімшілік тосқауылдар алынып тасталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, "Адал Газ Ойл Атырау" ЖШС-нің жобасын іске асыруына қатысты мәселені шешті.
Компания өңірде автожанармай құю станциясын, кемпинг орталығын және қоғамдық тамақтану нысанын салуды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда 50 жаңа жұмыс орны ашылады.
Алайда құрылыс жобасын келісу кезінде инвестор Жайық-Каспий бассейндік су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі инспекция тарапынан бірнеше рет негізсіз бас тартуға тап болған. Соның салдарынан жобаны іске асыру бірнеше айға созылған.
Прокуратураның араласуынан кейін заңсыз бас тарту шешімі жойылып, әкімшілік кедергілер алынды. Сонымен қатар прокурорлық қадағалау актісі негізінде инспекцияның бөлім басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура органдары инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмыстарын бақылауда ұстап отыр.