Төраға Е.Тоғжанов облыстағы ең ірі қуатты өндіріс орны – "Жігермұнайсервис" ЖШС-де болып, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтаудағы мәселелерімен танысып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы туралы ашық әңгімелесті, деп хабарлайды ҚР кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі.
Облыс әкімдігінде өткен кәсіподақ активінің жиында Е.Тоғжанов кәсіподақтар алдындағы әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссия жұмысын нығайтуға айрықша мән берді. Сондай-ақ, ол тиімді құқықтық ортаны қалыптастырып, еңбек саласындағы жанжалдар деңгейін азайту міндеттеріне тоқталды.
"Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастары туралы баяндама жасады. Биылғы жылы Атырау облысында кәсіподақ мүшелерінің саны үш мыңға артып, 83 мыңнан астам жұмыскер кәсіподақ мүшесі болды. Облыс бойынша 2019 жылдың 9-айында 19 жазатайым оқиғалар тіркеліп, 20 жұмысшы жарақат алып, 3 адам қаза болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда өндірістік жарақаттану, жарақат алған жұмысшылар саны мен адам өлімі 30 пайызға төмендеп отыр.