Атырауда 36 жастағы ер адам қарттар үйінде тұрады

644

Абайсыз жағдайда мүмкіндігі шектеулі болып қалған Махамбет ауданының тұрғыны Александр Чечин бес жылдан бері қарттар үйін паналап келеді. 

Атырауда 36 жастағы ер адам қарттар үйінде тұрады Фото: azh.kz

Александр 2006 жылы 18 жасында Жайық өзеніне тік жардан секіремін деп мойын омыртқасына зақым келіп, мүгедек атанған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Мектеп пен училищені аяқтаған соң, әскерге аттанайын деп тұрған кезім еді. Жастайымнан спортпен шұғылдандым. Әскерге кетердің алдында бірнеше күн бұрын Жайыққа бір шомылып алайын деп тік жардан өзенге секіргенде, омыртқадан зақым алып, салдарынанан екі қол, екі аяғым жұмыс істемей қалды. Арманымның бәрі көз алдымнан бұлбұлдай ұшып өтті", - дейді Александр Чечин

Жедел жәрдеммен Атырауға жеткізіліп, 7 сағат ота жасалып, сәтсіз аяқталған. Кейін Астарахань қаласына барып тағы екі ота жасалып, одан да нәтиже болмаған.

"Содан бері қарттар үйінің ең жас тұрғынымын",- деді Александр.

Таңертең тұрғаннан киіндіріп, жуындырып күтім жасайтын санитарлық қызметкерлерге де қарыздармын дейді ол. Айтуынша өзіне Қазақстанның кез келген шипажайында демалуға жыл сайын жолдама беріледі. Алайда қасына бірге еріп баратын адам болмағандықтан, шипажайларға бара алмай жүр.

Александр алдағы уақытта қарттар үйінен шығып, отбасын құрып, тәуелсіз болғысы келетінін айтады.

"Өмір бойы қарттар үйінде жатпайтын шығармын деп үміттенемін. Әлі басым жас, өз үйім болса деймін. Сыңарымды тауып, үйленсем деген мақсатым бар. Қазір қарттар үйіндегі ең жасы менмін. Ешқандай амал болмаған соң, осындамын. Пәтерім болса күтуші жалдап, тәуелсіз өмір сүргім келеді. Медицина жыл сайын дамып келе жатыр ғой. Аяқтан тұрып кетеріме үмітімді үзбеймін", - дейді Александр Чечин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу