Атырауда 470 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталғандарға қатысты сот үкімі шықты.
Атырау қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қызмет бабын пайдалану және аса ірі мөлшерде кінәліге сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу фактісі бойынша мердігер Т.-ға, мердігердің туысы К.-ға, техникалық қадағалау жөніндегі инженерлер О., М.-ға, техникалық қадағалау компаниясының басшысы К.-ға, Атырау облысы Құрылыс басқармасының қызметкерлері – С., Н., Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
“Сотталушы Т. сотқа дейінгі тергеумен анықталмаған жағдайларда өзінің туысы К. арқылы қызметтік жағдайын пайдалана отырып, Атырау облысы Құрылыс басқармасының орынбасарлары Н., Ж.-мен, құрылыс бөлімінің басшысы С.-мен бірнеше рет қылмыстық сөз байласып, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында "3 спорт залы", "Дамбы ауылындағы 300 орындық мектеп", "Көкарна ықшау ауданындағы ауысымда 25 келушіге арналған Отбасылық-дәрігерлік амбулатория", "Қара Депо ықшам ауданындағы ауысымда 25 келушіге арналған Отбасылық-дәрігерлік амбулатория" объектілерін салуға бөлінген бюджеттік қаражатты иемдену және талан-таражға салумен кінәлілерге сеніп тапсырылған ақша қаражатын жымқырғаны, техникалық қадағалау жөніндегі инженерлер М., О., ЖШС директоры - К. шындыққа сәйкес келмейтін орындалған жұмыстардың актілерін жасау және оларға қол қою арқылы оларға жымқыруға жәрдемдескені, осылайша 470 млн. теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын ұрлап, аса ірі мөлшерде мемлекетке залал келтіргені үшін айыпталған”, - делінген Атырау облыстық сотының хабарламасында.
Бұдан басқа, сотталушы Т. ЖШС директоры бола тұра, негізсіз жұмсалған бюджет қаражатының заңдылығын беру үшін, ЖШС-нің шығын бөлігін ұлғайту мақсатында 2019 жылы басқа ЖШС-мен қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ 2020 жылы екінші ЖШС-мен қызметтерді сатып алуды көрсеткені үшін, осылайша жеке кәсіпкерлік субъектісі бола отырып, бірнеше рет мемлекетке ірі залал келтіре отырып, мүліктік пайда алу мақсатында жұмыстарды нақты орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураны жазып беру жөніндегі іс-әрекеттерді жасағаны үшін айыпталған.
“Сот Т., К., К., М., О., Н., Ж., С.-ны олардың әрекеттерінде өздеріне тағылған қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты барлық эпизодтар бойынша кінәсіз деп таныды. Сот сотталушылардың қылмыстық іс жүргізуші органның заңсыз әрекеттерінен келтірілген заңсыз қылмыстық қудалау үшін зиянды өтеу құқығын таныды. Азаматтық талап қараусыз қалдырылды”, - делінген сот шешімінде.
Атырау облысы прокурорының атына бірқатар жеке қаулылар шығарылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.