Атырау қаласының 57 жастағы тұрғыны әлеуметтік желі арқылы шетелде жұмысқа орналасу туралы хабарландыруға сеніп, алаяқтардың арбауына түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Белгісіз тұлғалар азаматпен байланысқа шығып, Еуропа елдеріне жұмысқа орналастыру және еңбек визасын рәсімдеу сылтауымен оның сеніміне кірген. Нәтижесінде жәбірленуші 660 мың теңге көлеміндегі қаражатын дропперлердің банк шоттарына аударған.
Атырау облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Нұрбек Нұғмановтың жедел әрекетінің арқасында қаражаттың әрі қарай аударылуы тоқтатылып, толық көлемде иесіне қайтарылды.
Құқық қорғау органдарының кәсіби жұмысы нәтижесінде азамат қаржылық шығынға ұшыраған жоқ.
Полиция тұрғындарға әлеуметтік желідегі күмәнді жұмыс ұсыныстарына сенбеуге, ақша аудармас бұрын ақпаратты мұқият тексеруге және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Алаяқтық белгілері анықталған жағдайда 102 нөміріне хабарласу қажет.