Атырауда 73 адам төтенше жағдай тәртібін бұзды

1813

Тиым салынған заттарды алып өтпек болған бір көлік пен төрт адам ұсталды.

Атырауда 73 адам төтенше жағдай тәртібін бұзды

Атырау облысында күні бүгінге дейін төтенше жағдай режимін бұзған 73 дерек тіркелген. Қалаға суық қару мен психотроптық дәрі-дәрмек алып кірмек болғандардың жолы кесілген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыста 5 қаңтардан 19 қаңтарға дейін сағат 23.00 мен 7.00 аралығында коменданттық сағат режимі орнатылғанына қарамастан, Атырау облысы комендатурасы оны бұзған 73 адамды анықтаған. Сондай-ақ заңсыз акцияға қатысқан 275 адам ұсталған. 

Бұдан бөлек, 9 қаңтар күні Атырау қаласына кіре беріс тұстағы блок-бекеттен 10-ға жуық аңшы пышағын өткізбек болған көлік анықталды.

"Департаменттің Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы қала аумағында әсері жоғары психотропты дәрілерді өткізбек болған 4 адамды ұстады. Оларды ұстау кезінде 2 тапанша мен 736 таблетка, 236 ампула түріндегі психотропты дәрілер тәркіленді. Полиция тергеу амалдарын бастап кетті" деп хабарлайды Атырау облысының коменданты - полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Сонымен қатар 8 қаңтардан 9 қаңтарға қараған түні Атырауда түнгі мезгілде жұмыс істеп тұрған үш азық-түлік дүкенінің жұмысы тоқтатылған. Дүкендерге ауызша ескерту беріліп, елімізде жарияланған төтенше жағдай, коменданттық уақыт кезіндегі бизнес нысандарының жұмыс істеу тәртібі түсіндіріледі. Рейд тәртібін бұзған кафе, мейрамхана, клубтар анықталмаған. 

Тұрғындар қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау үшін дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің 62 мұғалімі полицейлермен бірге жаяу патрульге шықты.

Сондай-ақ 100-ге жуық полиция ардагерлері мен еріктілер, қоғам белсенділері қоғамдық тыныштықты сақтауға ниет білдірген. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 49 тәртіп сақшысы мен 27 сарбаз түрлі дене жарақатын алған. Кейбір полицейлердің жарақат алғанына қарамастан қызметін жалғастыра бергені белгілі болып отыр.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу